Ахмет
Байтурсынов
Республиканская научно-педагогическая библиотека
Министерства просвещения Республики Казахстан

А. Байтұрсынұлы мұрасы

Ахмет Байтұрсынұлы (1872—1937) Алаш зиялыларының көсемі, тұңғыш қазақ тілтанушы ғалымы, ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.

Ахмет Байтұрсынұлы (15.1.1872, қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылы – 8.12.1937, Алматы қаласы) – қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы.

Атасы Шошақ немересі Ахмет өмірге келгенде ауыл ақсақалдарынан бата алып, азан шақырып атын қойған. Әкесінің інісі Ерғазы Ахметті Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебіне береді. Оны 1891 жылы бітіріп, Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға түседі. 1895–1909 жылы Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады. Байтұрсыновтың саяси қызмет жолына түсуі 1905 жылға тұс келеді. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы (арыз-тілегі) авторларының бірі Байтұрсынұлы болды. Қарқаралы петициясында жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, күні өткен Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелері көтерілді. Онда қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аударуды үзілді-кесілді тоқтату талап етілген болатын. Сол кезеңнен бастап жандармдық бақылауға алынған Байтұрсынұлы 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды. Ресей ІІМ-нің Ерекше Кеңесі 1910 жылы 19 ақпанда Байтұрсыновты қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес Байтұрсынұлы Орынборға 1910 жылы 9 наурызда келіп, 1917 жылдың соңына дейін сонда тұрды. Байтұрсынұлы өмірінің Орынбор кезеңі оның қоғамдық-саяси қызметінің аса құнарлы шағы болды. Ол осы қалада 1913–1918 жылы өзінің ең жақын сенімді достары Ә.Бөкейханов, М.Дулатовпен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Газет қазақ халқын өнер, білімді игеруге шақырды. Байтұрсыновтың Орынбордағы өмірі мен қызметі Ресей үкіметінің қатаң жандармдық бақылауында болды. Ол «Қазаққа» жабылған негізсіз жала салдарынан абақтыға отырып шықты. Байтұрсынов 1917 жылы рев. өзгерістер арнасында өмірге келіп, қазақ тарихында терең із қалдырған Қазақ съездері мен Қазақ к-ттері сияқты тарихи құбылыстың қалың ортасында жүрді, оларға тікелей араласып, «Қазақ газеті» арқылы саяси теориялық бағыт-бағдар беріп отырды. Байтұрсынұлы Алаш партиясы бағдарламасын даярлаған шағын топтың құрамында болды. Байтұрсынов пен Дулатов қазақ арасында бұрыннан келе жатқан ру – жүзаралық алауыздыққа байланысты Алаш Орда үкіметінің құрамына саналы түрде енбей қалды, бірақ олардың қазақ ұлттық мемлекеттік идеясын жасаушы топтың ішінде болғандығын замандастары жақсы біліп, мойындады. Алаш Орда құрамын бекіткен 2-жалпықазақ съезі Оқу-ағарту комиссиясын құрып, оның төрағасы етіп Байтұрсыновты бекітті. 1919 жылы наурызға дейін Алашорда үкіметінің Торғай облысы бөлімінің мүшесі болды. Байтұрсынұлы 1919 жылы наурызда Алашорда үкіметі атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге аттанды, осы жылғы шілдеде РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Қазақ әскери-рев. к-ті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Байтұрсыновтың ықпалымен сәуірде Алашорда басшылары мен мүшелеріне Кеңес үкіметінің кешірімі жарияланды. Байтұрсынұлы бұл тарихи кезеңде «патшалардың төрінде отырғаннан, социалистердің босағасында өлгенім артық» деген пікірде болды (ҚР ҰҚК архиві, 78754-іс, 6-т., 44-п). 1920 жылы В.И.Ленинге үкіметінің Қазақстанды басқару ісіндегі алғашқы қадамын қатал сынға алған хатын жолдады. Қазревком мүшесі ретінде Қазақстанның Ресеймен шекарасының қалыптасу ісіне белсенді түрде араласты.

Бүкілресейлік ОАК-нің 1919 ж. 27 тамызда Қостанай уезін Челябинск облысына қосу туралы шешіміне қарсы Б-тың жазған саяси наразылығы Қостанай уезін Қазақстан құрамына қайтаруға негіз болды. Ол 1920 ж. тамызда құрылған Қазақ АКСР-і үкіметінің құрамына еніп, 1920–1921 жылы Қазақ АКСР-і халық ағарту комиссары қызметінде болды. 1922 жылы Өлкелік халық комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың, 1922–1925 жылы Халық ағарту комиссариаты ғылыми-әдеби комиссиясының, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының төрағасы болып қызмет атқарды. Байтұрсынұлы түрлі мемлекеттік қызметке ат салыса жүріп, сонымен бір мезгілде өзінің жаны сүйген оқытушылық-ұстаздық жұмысынан да қол үзбеген. 1921–1925 жылы Орынбордағы, 1926–1928 жылы Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берді. 1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының ашылуына байланысты ректордың шақыруымен осы оқу орнына профессор қызметіне ауысты. 1929 жылы 2 маусымда 43 Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге ол Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңына қарай тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ «үштігінің» 1930 ж. 4 сәуірдегі шешіміне сәйкес Байтұрсынұлы ату жазасына кесілді. Бұл шешім бірнеше рет өзгерістерге ұшырады: 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 ж. қарашада 3 жылға Архангельскіге жер аударылсын деп ұйғарылды. 1933 жылы мамырда денсаулығы нашарлап кетуіне байланысты қалған мерзімді Батыс Сібірде айдауда жүрген отбасымен (әйелі мен қызы) бірге өткізуге рұқсат беріледі. 1934 жылы М.Горькийдің жұбайы Е.П.Пашкованың көмегімен Байтұрсынұлы отбасымен мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралады. Бұл жерде тұрақты жұмысқа қабылданбай, түрлі мекемелерде қысқа мерзімдік қызметтер атқарады. 1937 жылы 8 қазанда тағы да қамауға алынып, екі айдан соң, яғни 8 желтоқсанда атылды. Тұтас буынның төл басы болған Байтұрсыновтың алғашқы кітабы – «Қырық мысал» 1909 жылы жарық көрді. Ол бұл еңбегінде Ресей отаршыларының зорлық-зомбылығын, елдің тұралаған халін жұмбақтап, тұспалдап жеткізді. Байтұрсынұлы мысал жанрының қызықты формасы, ұғымды идеясы, уытты тілі арқылы әлеум. сананың оянуына ықпал етті. Ақынның азаматтық арман-мақсаты, ой-толғамдары кестеленген өлеңдері «Маса» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді (1911). «Масаның» негізгі идеялық қазығы – жұртшылықты оқуға, өнер-білімге шақыру, мәдениетті уағыздау, еңбек етуге үндеу. Ақын халықты қараңғылық, енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерден арылуға шақырды. Абайдың ағартушылық, сыншылдық дәстүрін жаңарта отырып, Байтұрсынұлы 20 ғ. басындағы қазақ әдебиетін төңкерісшіл-демократтық дәрежеге көтерді. Сондай-ақ Байтұрсынұлы қазақ тіліне А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Ф.Вольтер, С.Я.Надсон өлеңдерін аударды. Бұл аудармалар Байтұрсыновтың тақырыпты, идеялық-көркемдік деңгейі жоғары туындылар. Ел тағдырының келешегіне алаңдаулы ақын көп қырлы ісімен, даналық саясатымен қазақ жастарының рухани көсемі болды. Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласы – әдебиеттану ғылымындағы алғашқы зерттеу еңбектердің бірі. Мақалада ұлы ақын Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысы, өлеңдерінің ұлттық сөз өнеріндегі маңызы, көркемдік-эстетик. сипаты баяндалды. Ол Абай өлеңдерінің даралығын, «сөзі аз, мағынасы көп, тереңдігін», сыншылдығын ұғындырды. Байтұрсыновтың Абайдың ақындық шеберлігі, поэзияға деген көзқарасы туралы ғылыми тұжырымдары қазақ әдебиеттану ғылымында жалғасын тапты. Оның «Әдебиет танытқыш» деген зерттеуі (1926) қазақ тіліндегі тұңғыш іргелі ғылыми-теориялық еңбек. Байтұрсынұлы әдебиет тарихына, теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет тиянақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін жасады. Халық тілінің бай қоры көзінен мағынасы терең, ұғымдық аясы кең сөздерді термин етіп алып, соның негізінде қазақ әдебиетінің барлық жанрлық формаларын топтап, жіктеп берді. Мысалы, сөз өнері, шығарма, ауыз әдебиеті, толғау, т.б. ғылыми-теориялық еңбекке қазақ әдебиетінің ең бейнелі, мазмұны мен мағынасы терең шығармаларын мысал ретінде пайдаланды. Сөз өнері жайында жазылған әлемдік ғылымның ең үздік үлгілерін пайдалана отырып, әдебиеттанудағы ұғым, термин, категориялардың соны ұлттық үлгілерін жасады. Мысалы, меңзеу, теңеу, ауыстыру, кейіптеу, әсірелеу, алмастыру, шендестіру, үдету, түйдектеу, кекесіндеу, т.б. «Әдебиет танытқышта» ақындық дарын табиғаты, шығарм. психологиясы, шабыт стихиясына ғылыми тұжырым берілді. Өлеңге жан-жақты зерттеу жасап, шумақ, тармақ, бунақ, буын, ұйқас, т.б. ұғымдарға анықтама берді. Байтұрсынұлы қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін ғылыми негізде топтап берген. «Әдебиет танытқыш» – сан-салалы әдебиет табиғатын жан-жақты ашып, талдап-түсіндірген ғылыми- зерттеді. Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышымен» қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салды. Сондай-ақ ол – әдебиет тарихының мұрасын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған зерттеуші ғалым. Көркемдігі айрықша «Ер Сайын» жыры (1923) мен қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтитын «23 жоқтау» жинағын (1926) кітап етіп шығарды. Халық мұрасына үлкен жанашырлықпен қараған Ахмет Байтұрсынұлы «әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, оның адасып кететіндігін» айтты. Байтұрсынұлы – қазақ кәсіби журналистикасын қалыптастырған ірі қайраткер. Ол қазақ халқына, зиялы қауымға газеттің қоғамдық қызметін ұғындырып, баспасөздің өркениетті, тәуелсіз елге аса қажет нәрсе екенін жанкешті іс-әрекетімен көрсетті. Байтұрсынұлы ұйымдастырып, бас редактор болған «Қазақ» газеті қоғамдық ойға ірі қозғалыс, рухани санаға сілкініс әкелді. «Қазақ» газеті халықтың рухын сергіткен ірі құбылысқа айналды. Байтұрсынұлы – әлеум. мәселелерге, қоғамдық ой-пікірге ықпал жасаған публицист. Оның мақалалары ғылыми байыптауымен, өткір ойларымен сол кезеңнің шындығынан хабар береді. Абайдың қоғам өмірінің демокр. құрылысы туралы ойларын дамытып, саяси-әлеум. жағдай, оқу-ағарту, халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы мәселелерді қозғады. Қазақ зиялыларының жан-жақты білімдар әрі саяси күресте шыңдалған легін қалыптастыруда Байтұрсыновтың публицист, баспасөз ұйымдастырушы ретіндегі еңбегі ұшантеңіз. Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор.

Байтұрсынұлы әліпбиі қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалды. Ол Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде (Орынбор, 1924), құрылтайында (Баку, 1926) араб жазуындағы әліпбидің қажеттілігін, құндылығын жан-жақты тұжырыммен дәлелдеген ғылыми баяндама жасады. Бұл әліпби ұлттық жазудың қалыптасуындағы ірі мәдени жетістік болып табылады. Ол халыққа ғылым-білімнің қажеттілігін түсіндірумен ғана шектелмей, білім беру ісін жолға қоюға күш салды. Орыс, татар мектептерінен оқып шыққан ұлт мамандарының өз тілін қолданудағы кемшіліктерін көріп: «[[Әр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде де сондай басқалық болады. Біздің жасынан не орысша, не ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды не жазса да қиындықпен жазады, себебі, жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық» деп жазды. Байтұрсыновтың «Оқу құралы» (1912) – қазақша жазылған тұңғыш әліппелердің бірі. Бұл әліппе оқытудың жаңа әдістері тұрғысынан өңделіп, 1925 жылға дейін бірнеше рет қайта басылды. «Оқу құралы» қазіргі әдістеме тұрғысынан әлі күнге дейін маңызды оқулық ретінде бағаланады. Байтұрсынұлы қазақ тілінің тазалығын сақтау үшін қам қылды. Өзі жазған «Өмірбаянында» (1929): «…Орынборға келгеннен кейін, ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім; одан кейін қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып, жеңілдету жолында жұмыс істедім, үшіншіден, қазақтың жазба тілін бөтен тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдердің жат әсерінен тазартуға әрекеттендім; төртіншіден, қазақ прозасын жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне ыңғайластыру үшін ғылыми терминдерді қалыптастырумен айналыстым» деген. Б. қазақ мектептерінің мұқтаждығын өтеу мақсатында қазақ тілін пән ретінде үйрететін тұңғыш оқулықтар жазды. Оның үш бөлімнен тұратын «Тіл – құрал» атты оқулығының фонетикаға арналған бөлімі 1915 жылы, морфологияға арналған бөлімі 1914 ж., синтаксис бөлімі 1916 жылдан бастап жарық көрді. «Тіл – құрал» – қазақ тілінің тұңғыш оқулығы. Оқулық қазіргі қазақ тілі оқулықтарының негізі болып қаланды. «Тіл – құрал» қазақ тіл білімінің тарау-тарау салаларының құрылымын жүйелеп, ғылыми негізін салған зерттеу. Оның тілдік ұғымдарға берген анықтамаларының ғылыми тереңдігі, дәлдігі қазіргі ғылым үшін өте маңызды. Ол тұңғыш төл граммат. терминдерді қалыптастырды. Мысалы, зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, бастауыш, баяндауыш, пысықтауыш, шылау, сөз таптары, сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз, т.б. жүздеген ұлттық терминдерді түзді. Сондай-ақ Байтұрсынұлы практикалық құрал ретінде «Тіл жұмсар», мұғалімдерге арналған «Баяншы» деген әдістемелік кітаптар жазды. Ол – қазақ тілін оқыту әдістемесінің іргетасын қалаған ғалым-ағартушы. Байтұрсынұлы оқулығындағы тілдік категорияларды ұғындыру мақсатында енгізген «сынау», «дағдыландыру» деген арнайы бөлімдер қазіргі заманғы әдістеме ғылымы үшін де өз маңызын жойған жоқ. Байтұрсыновтың ақын, аудармашы, ғалым-тілші, әдебиеттанушы ретіндегі ұлан-ғайыр еңбегі өз дәуірінде зор бағаға ие болды. 1923 жылы Байтұрсыновтың 50 жасқа толғаны Орынбор, Ташкент қалаларында салтанатты түрде аталды. С.Сәдуақасов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, М.Дулатов, Е.Омаров сияқты замандастары баспасөзде мақалалар жариялап, Байтұрсыновтың қазақ халқына сіңірген еңбегін өте жоғары бағалады. Өмірі мен қызметіне, шығармашылығына ғылыми пікір-тұжырымдар айтылды. Әуезов Ахмет туралы «Ақаңның елу жылдық тойы» деген мақаласында «…Кешегі күндерге дейін бәріміз жетегінде келгенбіз. Қаламынан туған өсиеті, үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы хүкіметтік өр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға салған пікірі … әлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді» деп жазды. 1929 ж. шыққан «Әдебиет энциклопедиясында]]» (Мәскеу) Байтұрсынұлы тұлғасына «аса көрнекті қазақ ақыны, журналисі және педагогы. Ол қазақ тілі емлесінің реформаторы және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы» деген ғылыми әділ баға берілді. 1933 жылы шыққан М.Баталов пен М.С.Сильченко|Сильченконың «Қазақ фольклоры мен қазақ әдебиетінің очерктері» деген кітапшасында: «оның негізгі бағыты қазақ халқының қоғамдық-мәдени оянуына ықпал ету болды» деп Б-тың қоғамдық қызметін қорытындылады. Кейінгі коммунистік идеология Б. есімін ауызға алуға көп жылдар бойы тыйым салып, ол туралы сыңаржақ пікірлер айтылды. Саяси қысымның қаупіне қарамастан белгілі түркітанушы, академиг А.Н.Кононов «Отандық түркітанушылардың биобиблиографиялық сөздігі» деген еңбегінде (1974) Байтұрсыновтың толық өмірбаянын беріп, әлеум.-қоғамдық қызметін, басты еңбектерін нақты айтты. Оның қазақ әліппесінің авторы екендігі, қазақ тілінің фонетикасы, синтаксисі, этимологиясы, әдебиет теориясы мен мәдениет тарихы оқулықтарын жазғандығы көрсетілді. 1988 жылдан кейін Қазақстандағы көптеген көше, мектептерге Байтұрсын есімі берілді. Тіл білімі институты, Қостанай университеті Байтұрсыновтың есімімен аталды. 1998 жылы оның туғанына 125 жыл толған мерейтойы салтанатпен атап өтіліп Алматы қаласынданда республика ғылыми конференция өткізілді, Байтұрсыновтың мұражай-үйі мен ескерткіші ашылды.

Ахмет Байтұрсынұлының әдебиет майданындағы есімі әр жас ұрпақ жүрегінде Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы, тарихтағы орны ғалымдық, ақындық, публицистік, қайраткерлік істері аса жоғары бағаланған. Өз уақытының аласапыран құбылыстарын бағалау болашақ алыс өрістерді көруге келгенде алмағайып ағыстарға малтығып, қалың тұманда адаспай Ахмет Байтұрсынұлының әуелі тарихтағы орнына тоқталып өткен жөн. Ақан ашқан қазақ мектебі, Ақан түрлеген ана тілі, Ақан салған әдебиеттегі елшілдік ұраны, «Қырық мысал», «Маса» еңбегі, «Қазақ газетінің» 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытқанда да, тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі де біледі. Бұның шындығына ешкім дауласпайды деп ұлы данышпанымыз Абай есімін бар әлемге таныстырған Мұхтар Омарханұлы Әуезов айтқан болатын. Ахмет атамыздың тарихтағы орнын, әлеуметтік-қоғамдық істерін, дүниетанымдағы кейбір қайшылықтарын өз кезінде дұрыс көрсетіп, әділін айтқан адамдардың бірі – Сәкен Сейфуллин. Ол «Еңбекші қазақ» газетіндегі өз мақаласында былай деген екен: «А.Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан өз заманында патша арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары губернатор, соттарға күшін сатып, тілмаш болып, арларын сатып, ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай, қызметтерін қылды. Қалай болса да, жазушысы аз ғана, әдебиеті нашар қазақ жарлыларына оқу хәм тіл құралдарымен қылған қызметі таудай». Ахмет атамыздың әдебиет майданында есімін асқақтатар болсақ, қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақын ұлы Абай тапқан аударма жасау дәстүріне мойын ұсынады. Бұрынғы ескі ертегі, хикая үлгілері емес, енді жаңа өлеңдік форма – мысал арқылы көшпелі елдің жақсы білетін стихиясы – жан-жануар өмірінен алынған шығармалар арқылы әлеуметтік ойға ықпал ету мақсатымен Иван Андреевич Крыловтың туындыларын аударып, «Қырық мысал» деген атпен 1909 жылы Петербургте бастырып шығарды. Бір жағынан қызықты форма, екінші жағынан ұғымды идея, үшінші жағынан қазақ тұрмысына ет-жақын суреттер ұласа келіп, бұл өлеңдерді төл дүниесіндей етіп жіберді. Әртүрлі аңдар, әртүрлі адамдар кейпінен хабар беріп, ишара тұжырым жасалады. Адамдардың мінезі, өмір ағысы, тағдыр сабағы, заман қабағына қатысты көптеген жайттарды әсіресе патша отаршылардың зорлық-зомбылығы, байлардың, жуандардың тепкісі, елдің азып-тозуына байланысты сарындарды А.Байтұрсынұлы жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді, кейде ашық дәл айтылатын ойлары да кездеседі. Алуан-алуан ойға жетелейтін «Қайырымды түлкі», «Ала қойлар», «Үлес», «Қартайған арыстан», «Өгіз бен бақа», «Ат пен есек» мысалдарында әлеуметтік-қоғамдық жағдайларды меңзейтін оқиғалар, адамдар психологиясымен сарындас әуездер, тағылымды, ғибратты тұжырымдар мол орын алады. Аудармашы негізгі түп нұсқа мәтініне орайластырып, көркем ойға ой, суретке сурет қосып, пікірді ұштап, жаңа сарын-әуез қосып отырады. Ақын аудармаларында сюжет сақталғанмен еркіндік басым, қазақ тұрмысына жақын идеялар, заман тынысын таңытатын жаңа ойлар айтылады. Түп негізі қысқа болғанымен аудармашының аудармасы ұзақ болып келеді. Мысалы, «Өгіз бен бақа» орысшада-17, қазақшада-36 жол, «Қасқыр мен тырна» орысшада-19, қазақшада-76 жол, «Қасқыр мен қозы» орысшада – 37, қазақшада-68 жол. Бұдан біз Ахмет атамыздың жаңа, ұлттық төл туынды жасағанын көреміз.
1911 жылы Орынбор қаласында «Маса» жинағы жарыққа шығады. Мұнда Ахметтің өз басынан кешкен қиын-қыстау күндер, ауыр жолдар, қуғын-сүргін, жетімдік-жоқтық бір талай өлеңдерге арқау болады. Ел тағдыры, халық қамы, бостандық арманы басты сарын.

«Маса» кітабына енген өлеңдерде жеке бастың мұң-шері, тұрмыс-салт суреті емес, негізінен әлеуметтік, қоғамдық ойлар, азаматтық идеялар айтылады. Өзін-өзі күйттеген, байлық үшін, мансап үшін ар-абыройын сатқан, «жақсылығы өз басынан артылмаған», «бос белбеу, босаң туған боз бала», «бір тойғанын ар қылмаған шалдар», «қайырсыз кеще сараң байлар» сыналады. «Туысыма», «Досыма хат», «Қазақ қалпы», «Жұртыма» өлеңдерінде ұлы Абай сатирасын еске түсіретін сарындар, ойлар, образдар бар. «Анама хат», «Жауға түскен жөн сөзі» – қорлық-зорлыққа мойымаған, бостандық, еркіндік жолында бәріне көнген қайратты ерлер тұлғасын мүсіндеген жырлар. Қарқаралы тұтқынынан Семейге айдалған А.Байтұрсынұлы «Қарқаралы қаласына» деген өлеңін жазады: Қош, сау бол, Қарқаралы, жуылмаған, Айдай бер қалса адамың қуылмаған. Әдепті, сыпайы елдің қалпында жоқ, Жасырын дыбыс шықты шуылдаған. Бүркеніп арсыздардың шайнауына, Жем тапты пісірмеген, қуырмаған. Шыққан соң талғамайтын доңыздардың Қасыңа қиын болар жуу маған.

Екі жинақ – «Қырық мысал», «Маса» қазақ әдебиетін жаңа тақырыптармен, идеялармен, ойлармен өрнектеп байытты. Абайдың ақындық дәстүрі ілгері жалғасты заман талабына сай жігерлі поэзия туды.
А.Байтұрсынұлының қазақша әліппе жасауы,араб жазуына кіргізген реформасы, қазақ тілі білімнің негізгі терминдерін жұртымыздың образды ойлау мүмкіндігімен сабақтастырып, өз топырағымыздан тауып, оларға тұңғыш анықтама бергені, дыбыс жүйесін (фонетика), сөз жүйесін (морфология), сөйлем жүйесін (грамматика) қалыптастырып шығарған ұлы еңбегі өз кезінде де айтылған болатын. «Ахметтің Қазан төңкерісіне шейін қазақ халқын ояту ретінде көп еңбегі сіңді. Қазақ мектебі, қазақ тілі сықылды орындарда оның еңбегі мол… Әр тілдің айдауында жүрген қазақ балаларына қазақ тілінен кітап жазған, қазақ тілінің негізін жасап, қазақ мектебінің іргесін қалаған алғашқы адам – Ахмет. Ахметтің бұл тарихи еңбегі бағаланбай қалмақ емес. Мұны пролетариат та бағалайды», – деп жазды Сәбит Мұқанов. Хаббас Тоғжанов пікірі де осымен сабақтас: «Бір кезде сары маса боп ызыңдап оятқан Ахметті қазақ еңбекшілері де қадірлей біледі, сөзін оқып сүйсінеді».
Ірі ғалым-тілші, әдебиет зерттеуші, тюрколог, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының есімі бүгінгі таңда әр жас ұрпақ жүрегінде жатталып, мәңгі есте қалары хақ.

Шығармалары
Байтұрсынұлы шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырады. Патшалық Ресейдің қанаушылық-отаршылдық саясатын, шенді-шекпендінің алдында құлдық ұрған шенеуніктердің опасыздығын сынады.[6]
Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» атты аударма жинағында 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған.
Байтұрсынұлының екінші кітабы — «Маса» (1911). Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болды. Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы өрісті ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді. Қоршаған ортаға ойлана, сын көзімен қарайды, қоғам қалпына көңілі толмайды. «Қазақ салты», «Қазақ, қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» т.б. өлеңдерінің мазмұны осыны танытады. Кітаптың ішкі сазы мен ой өрнек, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді.

Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы 
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алады. Онымен қоса қазақ графикасын жасауға кіріседі. Қазақ графикасының негізіне қазақтың мәдени дүниесінде көп ғасырлық дәстүрі бар, өзге түркі халықтарды да пайдаланып отырғандықтан, туыстық, жақындық сипаты бар араб таңбаларын алады. Оны қазақ фонетикасына икемдейді, ол үшін қазақ дыбыстары жоқ таңбаларды алфавиттен шығарады, арабша таңбасы жоқ дыбыстарына таңба қосады, қазақ тілінің жуанды- жіңішкелі үндестік зааңына сай жазуға ыңғайлы дәйекші белгі жасайды. Сөйтіп, 24 таңбадан тұратын өзі «қазақ жазуы» деп, өзгелер «Байтұрсынов жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын түзеді. Одан осы жазуды үйрететін әліппе жазады. Сөйтіп, оқу- ағарту идеясына сол кезіндегі интелегенциясы жаппай мойын бұрды. Әрбір зиялы азамат халқына қара танытып, сауатын ашуды, ол әрекетті «Әліппе» құралдарын жазудан бастауды мақсат етті. Сол 1911-1912 жылдары жасалып, Уфа, Орынбор қалаларының баспаха- наларында жарық көрген. Ахмет Байтұрсынұлының [7]әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдары арасында 7 рет қайта басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең пайдаланылды. 1926 жылы ғалым «Әліп-бидің» жаңа түрін жазды. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің табиғатын, құрылымын танып-танытудағы қызметі енді мектепте қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулықтар жазумен ұласады. Осы тұста оның атақты «Тіл – құрал» атты үш бөлімнен тұратын, үш шағын кітап болып жарияланған оқулықтар жазылды. «Тіл-құрал» тек мектеп оқулықтарының басы емес, қазақ тілін ана тілімізде танудың басы болды, қазіргі қазақ тілі атты ғылым саласының, іргетасы болып қаланды. Жалпы қазақ тіл білімін қалыптастырып, зерттеп, танып-білу тарихымызда Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» мен «Тіл құралдарының» орны айрықша. Қазақ тіл білімінің ана тіліміздегі іргетас қалаудағы Ахметтің тағы бір зор еңбегі – ғылымының осы саласының терминдерін жасауы. Ғалым қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша атау ұсынды. Осы күні қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз деген сияқты сан алуан лингвистикалық атаулардың баршасы Ахмет Байтұрсынұлынікі. Бұлар не бұрынғы қарапайым сөздің мағынасын жанғырту арқылы, не жаңа тұлғадағы сөз жасау арқылы дүниеге келген соны сөздер, сәтті шыққан атаулар екенің олардың күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқандығы.

Әдебиеттану
Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап жарыққа шығаруда Байтұрсынұлы зор еңбек сіңірді. Әдебиет саласындағы алғашқы зерттеуі деп оның «Қазақ» газетінің 1913 жылғы үш санында шыққан «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласын атауға болады. Онда қазақ халқының рухани өмірінде Абайдың аса ірі тұлға екені, өмірбаяны, шығармаларының мазмұн тереңдігі, ақындық шеберлігі, поэтикасы, орыс әдебиеттерімен байланысы туралы ойлы пікірлер айтылған, ақын мұрасының эстетикалық қадір-қасиеттері ашылған. Қазақтың эпостық жыры «Ер Сайында» алғы сөз бен түсініктемелер жазып, оны 1923 ж. Москвада шығарды.
Қазақ ауыз әдебиетінде молынан сақталған жоқтау-жырларын арнайы жүйелеп, сұрыптап, 1926 ж. «23 жоқтау» деген атпен жеке кітап етіп жариялады. Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет тарихы жөніндегі тұңғыш көлемді еңбегі — «Әдебиет танытқыш» (1926). Мұнда көркем сөз өнерінің табиғаты, сыры, мазмұны, ерекшеліктері, жанрлары, жаңа терминдер, ұғымдар жайлы жан-жақты зерттеулер, тұжырымдар сөз болды. Бұл еңбегінде Байтұрсынұлы ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің әлеуметтік, қоғамдық мән-маңызын ашудан гөрі адамгершілік, эстетикалық әсемдік әуенін талдауға көбірек көңіл бөлген. Сондай-ақ мұнда жазба әдебиеттегі ағымдар, әдістер туралы ой-түйіндер айтылған. Кітаптың бірінші бөлімі «Сөз өнерінің ғылымы» деп аталады да, онда көркем сөздің толып жатқан қыры мен сыры, тараулар мен тармақтар, тіл әуезділігінің қыруар шарттары, «сөздің өлең болатын мәнісі», өлең айшықтары, «шумақ түрлері», «тармақ тұлғалары», «бунақ буындары», «ұйқастығы» т.б. сөз етіледі.
Екінші бөлімі «Қара сөз бен дарынды сөз жүйесі» деп аталады да, көркем қара сөз табиғаты, оның тараулары — шежіре, заман хат, өмірбаян, «мінездеме», тарихи әңгіме, «әліптеме, әліптеу тәртібі — мәнді әліптеме, сәнді әліптеме, жол әліптемесі, байымдама, байымдау әдістері, түрлері — пән, сын, шешен сөз, оның түрлері, саясат шешен сөзі, білімді шешен сөзі, уағыз көркем сөз» деп жүйелеп келіп, әңгіме, романға сипаттама береді. Еңбектің «сындар дәуірі, онда шығарма түрлері» атты тарауы өте маныз-ды. Онда сыншыл реализм туралы алғашқы пікірлер нышанын кездестіруге болады.
Байтұрсынұлы Еуропа жұртындағы сындар әдебиетінің бай тәжірибесін меңгеруге бет алушылық, қазақ көркем сөз ізденістерінде сәйкестік, үйлесімділік тапқанын айтады. Байтұрсынұлы әдебиет зерттеушісі ретінде қазақ әдебиетінің даму процесін жеке дара бөліп қарамай, барлық халықтар әдебиетіне ортақ сипаттармен ұштастыра талдауға тырысады.
Байтұрсынұлының жыраулардың мұрасын жетік білетінін осы еңбегінен айқын көреміз. Сөз өнерінің көне дәуірдегі үлгілері, 15-17 ғ-лардағы жыраулар поэзиясының біразы ақын назарына іліккен. Асан Қайғы, Нысанбай жырау, Бұдабай ақын, Наурызбай би, Құбыла ақын, Жарылғап ақын, Алтыбас, Ақмолда, Әбубәкір, Шортанбай, Байтоқ, Сүгір ақын, Мұрат, Досжан, Орынбай, Шернияз т, б. ақын-жазушылар шығармаларынан үзінділер бар.

Аудармалары
Байтұрсынұлы қалдырған бай мұраның тағы бір саласы — көркем аударма. Ол орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем қазынаның бұл саласын байытуға мол үлес қосты. И.А. Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен жеке жинақ қылып бастырды. И.И. Хемницердің «Атпен есек»,А. Пушкиннің «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы» шығармаларын, орыстың белгілі лирик ақыны С.Я. Надсонның өлеңін қазақ тіліне аударды.

Түркітану
Байтұрсынұлы тілші-ғалым ретінде қазақ тілінің табиғаты, өзгешеліктері, араб әліпбиінің жайы, терминдер, қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы мақалалар жазды.
1926 ж, Бакуде болған түркітанушылардың Бүкілодақтық 1-съезіне қатысып, «Түркі тілдеріндегі терминология жайлы» деген тақырыпта баяндама жасады. Байтұрсынұлы қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашуына көп күш жұмсады. Осы мақсатта «Оқу құралы» (1912), «Тіл құралы» (1914); ересектердің сауатын ашуға арнап «Әліпби» (1924), «Жаңа әліпби» (1926) атты оқулықтар мен тың еңбектер ұсынды. Қазақ грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша ғылыми термин жасап, морфологиялық тұлға-тәсілдерді жаңаша талдау, жаңаша анықтамалар берді. Қазақ фонетикасы мен грамматикасын талдауда тілдің типологиялық ерекшеліктері мен өзіндік даму барысын ескеру принципін ұстады.
Байтұрсынұлы қазақ тілі білімін 20 ғасырдың бас кезінде қалыптастырып, оның ірге тасын қалады. Араб графикасына негізделген қазақ жазуының реформаторы болды.[8][9]

Хронология
Туған жері — бұрынғы Торғай уезінің Тосын болысы (қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Ақкөл ауылы).

  • 1882—1884 жж. ауыл мектебінде оқыды.
  • 1890 ж. Торғайдағы екі кластық, орыс-қазақ училищесін, 1895 ж. Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітірген.
  • 1895—1909 ж. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі мектептер мен орыс-қазақ училищелерінде мұғалімдік қызмет атқарады.
  • 1909 ж. патша үкіметінің саясатына наразылық білдіргені үшін Семей түрмесіне жабылып, 1910 ж. жер аударылды.
  • 1913 ж. Орынборда «Қазақ» газетін ұйымдастырып, 1917 жылдың аяғына дейін оның редакторы болды. Патша үкіметі құлатылғаннан кейін ұлт-азаттық қозғалыс күшейеді.
  • 1918-19 жж. Алаш Орда қатарында болады.
  • 1919 ж. маусымның 24 Қазақ өлкесін басқаратын Әскери-революциялық комитеттің мүшелігіне тағайындалады.
  • 1922-25 жж. Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, Халық ағарту комиссары, Бүкілресейлік ОАК-ның, ҚР ОАК-нің мүшесі, Түркістан Компартиясы ОК-нің органы «Ақ жол» газетінде қызметкер.
  • 1925-29 ж. Қазақ халық ағарту институтында (Ташкент) және ҚазПИ-де оқытушы болды.
  • 1929 ж. маусымында қамауға алынып өзі Архангельск облысына жер аударылған, ал жұбайы мен қызы Томскіге жіберілген. 1934 ж. Қызыл Крест комиссиясында қызмет еткен Е. Пешкованың (Максим Горькийдің зайыбы) қолдаухатымен Ахмет Байтұрсынұлы босатылған. Сол кезде ол жанұясымен бірге Алматыға қайта оралған. 1937 ж. қазан айында Ахмет Байтұрсынұлы тағы да қамауға алынған, екі айдан соң, желтоқсанның 8 «халық жауы» есебінде атылған.

Пайдаланылған әдебиет

 

  • “Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.ISBN 9965-26-096-6
  • «Маңғыстау» энциклопедиясына, Компьютерлік-баспа орталығы, 2007
  • «Батыс Қазақстан облысы» энциклопедиясы, Алматы, 2002;
  • Тарихи тұлғалар. Танымдық – көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009 ISBN 978-601-01-0268-2
  • Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 ж., 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3
  • Қазақстан жазушылары: Анықтамалық/Құрастырушы: Қамшыгер Саят, Жұмашева Қайырниса – Алматы: “Аң арыс” баспасы, 2009
  • “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
  • Қазақстанның қазіргі заман тарихы: Жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған окулық. 2-басылымы, өңделген. Жалпы редакциясын басқарған тарих ғылымының докторы, профессор Б. Ғ. Аяған. Алматы: Атамұра, 2009. ISBN 9965-34-933-9