Ахмет
Байтурсынов
Республиканская научно-педагогическая библиотека
Министерства просвещения Республики Казахстан

Өткен күннен белгі бар

Осынау тақырыпты осыдан 30 жылдай бұрын жазылған мақаламызды таныстыру мақсатында қойдық.

Алмасбек Абсадык

Бұл - сонау 1993 жылдың қыркүйек айында облыстық «Қостанай таңы» газетінде жариялаған алғашқы жариялымдарымыздың бірі. Ол кезде жас маман-оқытушымыз. Алаш зиялыларының ортамызға оралып жатқан кезі. Қостанай өңірінде А.Байтұрсынұлын бірі білсе, бірі білмейді. Еліміз тәуелсіздік алып, рухымыз көтеріліп жүрген уақыт. Материалдық жағдайымыз мәз емес: экономиканы гиперинфляция деген «албасты басып» алған. Ұлттық теңге әлі енгізілмеген кезең. Жалақы бірнеше айларға кешіктіріледі. Сонда да мәрт екенбіз: мақаланың қаламақысын (гонорар) газет қорына ауыстыруды қалаппыз. Ол кезде басылымдарда кеңес дәуірінен орнығып, мәдениет ретінде қалыптасқан қаламақы беру үрдісі бар еді. Шамасы, редакция қаламақы бере алмайтындай жағдайға ұшырап, бұрынғы ережемен бекітілген сол үрдісті бұзбас үшін авторлық қаламақымызды газетте қалдыруды сұраған болуы керек. Оның үстіне гиперинфляция күн сайын кертіп отырған кеңестік сабан ақшада ешбір құн жоқ болатын.

Жазудағы тәжірибеміздің әлі қалыптаспаған кезі ғой, Ахмет Байтұрсынұлының көзін көрген замандастары сынды «Ахаң» деп атаппыз. Сол кезде Алаш зиялыларын «Ахаң, Жақаң» деп атау біздің ақын-жазушылар қалыптастырған үрдіс болды.

Шағын мақалада болашақта фольклоршы болатынымызды білсек керек, атамыз Әбсадықтың Ахмет Байтұрсынұлын жас күнінде көрген естелігін келтірген екенбіз. Соны ФБ оқырмандарына қайта ұсынғым келеді (сканерленген көшірмеде 18-20 азат жолдар).

«...Халық денсаулығы Ахаңды көп толғандырған мәселе. Бұл мәселеге Ахаң «Ауру жайынан» (1913 ж.), «Тәні саудың –жаны сау» (1922 ж.) атты мақалаларында тоқталады. Ахаңың бұл мақаларына қоса ел ішінде ауызша жүргізген үгіт-насихаты жайында хабарым бар. Менің атам Әбсадық бала күндерінде Қарсақпайдан Атбасарға мал айдаған екен. 14-15 жасында мал айдап бара жатқанда Ахаңмен кездескенін әңгімелеп беріп еді. Сол әңгімеден қысқа үзінді келтірейін.

Жәрмеңкеге қора-қора мал айдаушылардың алдынан күн екіндіге таянғанда, пәуескеге күйме кездеседі. Күймеде Ахаң отыр екен. Жұрт «Ахаң, Ахаң» деп жапырыла қалады. Мал айдаушылардың бастығы қойды иіріп, Ахаңа қонақасы беруді бұйырады. Дереу бір тоқты сйылып, еті қазанға салынады. Ет піскенге дейін Ахаң түрлі-түрлі тақырыпта әңгіме айтып, ұзақ сөйлейді. Сол ұзақ әңгімеден көкемнің құлағында қалғаны қазақтың денсаулығы жайында әңгіме екен: «Қазақтың денсаулығы, әсірес, мал баққан қазақтың мықты болуға тиіс. Олай дейтімнің себебі: қазақтың негізгі қорегі – мал. Малдың негізгі қорегі – шөп. Дүниедегі дәрінің барлығы дерлік шөптен жасалады. Олай болатын болса, мал дәрі жейді, дәріні малдың еті мен сүтін қазақ жейді. Бұған қоса, қазақ малдың өрісіне қарай үнемі қоныс аударып отырады. Бұл да ауру тарамаудың бір жолы. Таза табиғаттың аясы – қашан да денсаулық кепілі. Бір өкініштісі, малға жұғатын аурудың алдын ала білмейміз»,- деген сөзі көкемнің құлағында қалыпты.

Ахаңның өз аузынан шыққан сөзді естіген куәгерлер азайған бұл заманда «Атадан қалған сөз өлмесін» деген қағидамен жазбаға түсіріп отырмын...».

Барақұлы Әбсадық 1894 жылы дүниеге келіп, 1984 жылы 90 жас жасап, бала-шаға, немерелерінің алдында дүниеден өтті. 1920-22 жылдары кеңес үкіметі Қарсақпайдағы жез зауыттарын мемлекет меншігіне алған кезде, малды «кәмпескеден сақтаймыз» деп ата-баба қонысы Сыр бойына, Қараөзек деген өңірге көшеді. Бірақ ол кісіні кәмпеске сол жерде 1928 жылы «күтіп алады». 1931-33 жылғы аштық жылдары Қарөзек бойынан балық аулаған орыс артельдеріне ағайындарымен бірге жалданып аман қалады. Одан соң Қызылорда қаласында ашылған кірпіш зауытқа отын дайындап күн көреді, содан қайтадан мал бітеді. Екінші дүние жүзілік соғыс кезінде военком атамызға әскерге жәрдем беру үшін мал қосуын сұрайды. Үш інісін соғысқа аттандырған Әбсадық атамыз: «Қанша аламын десең де, өзің біл» деп келісім береді. Үкімет алған малдың орнына заем береді. Сол заем кешегі 80- жылдарға дейін «Правда» газетінде жарияланып отырды. Заемның номері сәйкес келсе, ақша берілетін. Соғыстан кейінгі жылдары атамызға тағы да мал-жан бітеді. 1976 жылға дейін атамыз жеке отырып мал бағумен күн көреді. Одан соң аудан орталығындағы балаларының қолына - Тасбөгет қыстағына көшіп келеді. Үкіметке бергені болмаса, алғаны жоқ. Жоқ, сәл қателесіп кете жаздаппын, ол кісі 14 сомдық зейнетақы алатын еді.

А.Байтұрсынұлы туралы естелікті менің әкем Ахмет Әбсадықұлы естіп, біздерге жеткізді. Бізден 1993 жылы «Қостанай таңы» газеті арқылы оқырман қауымға жол тартты. Ол кезде газеттерде электрондық нұқса болмағандықтан, жазған мақаламыз «шаң басып» кітапхана мұрағатында сақталып тұр. Сондықтан бүгінгі заманауи ақпараттық технологиялардың мүмкіндігін пайдаланып, мақаламызды және атамыздың естелігін ФБ парақшамызға салып жатқан жайымыз бар.

PS! А.Байтұрсынұлы мұрасын зерттеу барысында ол кісінің 1896 жылы "Тургайская газета" басылымында Бестамақ болысында ұстаздық етіп жүрген кезде шешекке қарсы екпе егу ісіне қатысты орысша мақала жариялағаныны туралы жазған едік. Бір қызығы, сол кезде ковидке қарсы екпе егу мәселесі қоғамда өте өткір тұрған болатын. Сәйкестік пе, әлде басқа нәрсе ма, о жағын дәл айта алмаймыз. Бірақ таң қалғанымыз рас.